banner glavkz

Директоры  

STShalgimbayev

Шалғымбаев Серікбол Тілеулесұлы, доцент  

Шалғымбаев Серікбол Тілеулесұлы, Талдықорған (бүгінде Алматы) облысының Бөрлітөбе ауданы Лепсі станциясында 1953 жылы  тамыздың 26 дүниеге келді.

1976 жылы «Химик» мамандығы бойынша С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіргеннен кейін, 1987 жылға дейін осы университетте аналитикалық химия кафедрасының инженері, стажер-зерттеушісі, тәжірибе-эксперименталдық өндірісі бар арнаулы конструкторлық бюросының  аға инженері, гальваникалық қаптау және баспа платалары секторының меңгерушісі болып жұмыс атқарды.

1984 жылы «Электрохимия» мамандығы бойынша химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн iзденуге диссертация қорғады.

1987 жылдан 1989 жылға дейін Алматы қалалық комсомол комитетінің  «Отырар» жастар тұрғын үй кешенінде жұмыс істеді (бөлім бастығы, «Отырар» ЖТК кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, атқару комитеті төрағасының м.а.).

1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім министрлігінде: ғылыми-зерттеу жұмыстары Бас басқармасының бас эксперті, жоғары білім және ғылым Бас басқармасының бас маманы, Министрдің көмекшісі, іс басқармасының бастығы, аналитикалық және ұйымдастыру-кадр жұмыстары басқармасының бастығы, Министрлік алқасының мүшесі.

Министрліктің орталық аппаратындағы жұмысын Қазақ политехникалық университетінде педагогикалық қызметімен қоса атқарды.

1994 жылы доцент ғылыми атағы берілді.

1997 жылы Білім министрлігінің қайта ұйымдастырылуынан кейін құрылған Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаментінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бастығы лауазымына ауыстырылды.

1997 жылдың қыркүйегінен - Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім мәселелері институты директорының орынбасары.

1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Білім Комитетінің алқа мүшесі, үйлестіру және бақылау бөлімінің бастығы лауазымына қайта тағайындалды.

Білім жүйесінің көптеген нормативті-құқықтық актілерінің әзiрленуіне қатысты. «Білім барлығы үшін-2000» ЮНЕСКО шеңберіндегі бағдарламаның Қазақстан Республикасы бойынша Ұлттық есебін дайындау және басып шығару жұмыс тобының жетекшісі; Қазақстан Республикасы білім қызметкерлерінің I Съезін дайындау және өткізу штабының бастығы, ұйымдастыру комитетінің мүшесі-жауапты хатшы, (1998 ж. 3-5 желтоқсан Алматы қ.).

1999 ж. маусымында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің заң факультетін аяқтағаннан кейін осы университеттің Алматы бөлімінің директоры лауазымына тағайындалды.

2001 ж. қазаннан 2008 ж. мамыр айына дейін – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және өндірістік-шаруашылық сұрақтар бойынша проректоры.

2003 жылдан 2008 ж. мамыр айына дейін – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Экологиялық білім беру инновациялық кешенінің жетекшісі.

Жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жарияланымдарының, «Тенденции развития экологического образования на современном этапе». - Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 234б. атты монографияның авторы.

2008 ж. қыркүйегінен 2010 ж. қарашасына дейін – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық білім академиясының Білім стандарттары ғылыми-зерттеу институтының директоры.

2010 ж. қарашасынан 2011 ж. қыркүйегіне дейін – «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілікті беру республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры.

2011 ж. қыркүйегінен 2013 ж. ақпанға дейін – Астана қаласы Білім басқармасырың Экономика, технология және тамақ өндірістерін стандарттау колледжінің директоры.

2013 жылдың 11 ақпанынан – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіптік комитеті «Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді қайта өндеу Ұлттық орталығының» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Қазмеханобр» Мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігі Филиалының директоры. (2015 ж., Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта ұқсату жөніндегі ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік республикалық кәсіпорынның «Қазмеханобр» мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігі филиалы)

Марапатталған:

Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен.

Төс белгiлерімен: «Қазақстан Республикасы бiлiмiнің үздiгі», «Қазақстан Республикасы бiлiмiнің құрметтi қызметкері», III дәрежелі «Еңбек даңқы» (2019 ж.).

Медальдармен: «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәулесіздігіне 25 жыл» (2016 ж.). 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының қаулысымен «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі» құрметті атағы берілді (2014 ж.).

Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясы Президиумының қаулысымен Академик Е.А.Бөкетов атындағы сыйлығы берілді (2014 ж.).

Ұлттық Бизнес Орталықтар Одағының ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер» орденімен марапатталды (2014 ж.).

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2015 жылғы мемлекеттік сыйлығы» берілді (2015 ж.).

_________________________________________________________________________